+7 (7262) 46-61-90
(регистратура)
+7 (7262) 56-16-30
(служба поддержки пациентов)
+7 (7262) 46-62-84
(приемная)
Тараз қаласы

МӘМС

Елімізде денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік сақтандырудың (МӘМС) енгізілгеніне екі жылдан асты. Өкініштісі, әлі күнге дейін МӘМС туралы толық білмейтін тұрғындар бар. Мәртебесі анықталмаған, жарна төлей алмай, тегін көмектен қағылған, сақтандырылғанына қарамастан ақысыз негізде емделе алмай жүрген адамдар да жоқ емес.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі дегеніміз —халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қол жетімділігін арттыруға бағытталған жүйе.
2020 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толық қолданысқа енгізілді. Бұл жүйеге әлемнің дамыған елдері ертеректе көшіп алған. Біздің елде де қолданылып келе жатқанына 2 жылдан астам уақыт болды. Бастапқыда бұл жаңашылдыққа үрке қараған қоғам қазір оның қазір пайдасын түсініп келе жатқан тәрізді.
Қазір елімізде медициналық пакеттің екі түрі бар. Біріншісі — тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі. Бұл көмек түрі адамның сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамайды.
Ал екіншісі — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бұл көмек тек сақтандырылған азаматтарға ғана көрсетіледі. Мәселен, осы уақытқа дейін магнитті резонанстық томография, компьютерлік томография немесе салалық мамандардың қызметіне ақылы түрде жүгініп жүргендер сақтандырылған жағдайда бұл қызмет түрлерін тегін ала алады.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді. Бұрын қызметкер үшін жалақы деңгейінің 2 пайызын ғана төлеп келген жұмыс беруші биылдан бастап 3 пайызын төлейді. Бірақ 18 мың теңгеден аспайды. Ал қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар өз табысының 2 пайызын, бірақ 12 мың теңгеден аспайтын мөлшерде төлейтін болады. Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5 пайызын төлейді. Бір адам үшін жарна мөлшері — 3 614,2 теңгені құрайды.
МӘМС — бұл ерікті медициналық сақтандыру емес, міндетті екенін айта кеткен жөн. Сондықтан «МӘМС туралы» заңның талаптарына сәйкес барлық азаматтар жүйеге жарналар төлеуге міндетті. Мемлекет азаматтардың 15 жеңілдікті санаттары үшін жарналар жүргізуге міндеттеме алады. Олардың қатарында — 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» белгілерімен марапатталған көп балалы аналар, күндізгі оқу бөлімінің студенттері, жұмыс істемейтін азаматтар мен оралмандар, бас бостандығынан айыру орындарындағы қамаудағылар бар.
Егер жеңілдікті санаттағы азаматтарда сақтандыру мәртебесі анықталмаса, олар Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, жеңілдікті санаттар тізіміне енгізу үшін барлық қажетті құжаттарды ұсынуы тиіс. Жұмыссыздарға Жұмыспен қамту орталығында ресми түрде тіркелу қажет. Белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдар құжаттарын қалпына келтіріп, жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет.
Осы ретте азаматтар бір нәрсені білуі керек: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жинақтаушы қор емес. Түсінікті болу үшін айта кетейік, барлық адамнан түскен қаражат ортақ «қазанға» түсіп, барлығы үшін жұмсалады. Мәселен, елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналардан азаматтардың 15 санаты босатылды. Яғни халықтың әлсіз тобы да осы ортақ «қазанға» түскен қаражат есебінен қаралады. Адам алдымен емханаға барғанда өзінің мәртебесін анықтау керек. Оны ЖСН арқылы анықтайды. Сол уақытта сізде 12 айғы міндетті әлеуметтік медициналық төлем міндетті түрде болуы керек. Немесе соңғы 3 ай көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төленген болуға тиіс.
Науқастар үшін тиімділігі қандай дегенге келсек, осыған дейін Үкімет бекіткен тегін медициналық қызмет көрсетудің тізбесі бойынша тұрғындарға ем-дом жасалып келсе, МӘМС жүйесі сол тізбені толықтыра түседі. Яғни, қызмет көрсету сапасы артады. Науқастардың дертін анықтау мен толықтай емдеуге қажетті шығынды жабу ендігі жерде МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асады. Бұл дегеніміз бір жағынан емделушінің қалта шығынын азайтады, ем-дом жасайтын сауықтыру орталықтарының жұмыс сапасын жақсартып, бәсекелестігін арттырады.