Жемқорлықпен күресу — жалпыға ортақ міндет.

Жемқорлықпен күресу — жалпыға ортақ міндет.

 

Бүгінгі таңда маңызды мәселелердің бірі болып табылатын, қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы. Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып, тамырын терең жайып, белең алуда. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу стратегиясы, Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты халыққа жолдауында ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырудың қажеттігін айтып, сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық мүшелеріне, сондықтан жемқорлықпен күрес жалпы барша халықтың борышы екенін атап көрсетті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаннан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көрністерінің азаюы байқалады. Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі-парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік аурудың алдын алу және әшкерелеу үрдісі жылдан жылға өсе түсуде. Нәтижесінде парақорлықпен елімізде көбіне-көп қолында билігі бар, шешім шығаруға, бөліп бергізуге өкілеті жететін қызметкерлерінің айналысып отырғаны айқындалды. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндеттеуі қажет. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті. Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу — жалпыға ортақ міндет.

Ең алдымен бүгінгі бала, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасындағы тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы шарт. Тәрбие от басынан басталады, ата-анасының шаруаны пара беру арқылы шешетінін, не пара алу арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өскен бала, бұл жағдайды орынды, яғни солай болуы керек екен деп түсінеді. Есейгенде ол «Ұядан нені көрсе, ұшқанда соны жасайды». Сондықтан да бала тәрбиесіне көп көңіл аудару қажет, әрбір отбасы осы мәселеге аса мән бергені абзал. Сонымен қатар үгіт-насихат жұмысын жандандырып, халықты кеңінен ақпараттандыру қажет.

Қазақстан — көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамушы мемлекет. Алдымызда әлі талай үлкен міндеттер тұр, талай сын кезеңдерден өтуге тура келеді және келелі ұрпақ кемелді болуын тілейміз. Жемқорлық көріністерінен туындаған салдар елдің дамып, өркендеуіне жол бермейді, сондықтан да «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» болмақ.

 

 

 

№7Қалалық емханасының бас дәрігері                                         А.Шатаева