МӘМС

Елімізде денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік сақтандырудың (МӘМС) енгізілгеніне екі жылдан асты. Өкініштісі, әлі күнге дейін МӘМС туралы толық білмейтін тұрғындар бар. Мәртебесі анықталмаған, жарна төлей алмай, тегін көмектен қағылған, сақтандырылғанына қарамастан ақысыз негізде емделе алмай жүрген адамдар да жоқ емес.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі дегеніміз —халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қол жетімділігін арттыруға бағытталған жүйе.
2020 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толық қолданысқа енгізілді. Бұл жүйеге әлемнің дамыған елдері ертеректе көшіп алған. Біздің елде де қолданылып келе жатқанына 2 жылдан астам уақыт болды. Бастапқыда бұл жаңашылдыққа үрке қараған қоғам қазір оның қазір пайдасын түсініп келе жатқан тәрізді.
Қазір елімізде медициналық пакеттің екі түрі бар. Біріншісі — тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі. Бұл көмек түрі адамның сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамайды.
Ал екіншісі — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бұл көмек тек сақтандырылған азаматтарға ғана көрсетіледі. Мәселен, осы уақытқа дейін магнитті резонанстық томография, компьютерлік томография немесе салалық мамандардың қызметіне ақылы түрде жүгініп жүргендер сақтандырылған жағдайда бұл қызмет түрлерін тегін ала алады.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді. Бұрын қызметкер үшін жалақы деңгейінің 2 пайызын ғана төлеп келген жұмыс беруші биылдан бастап 3 пайызын төлейді. Бірақ 18 мың теңгеден аспайды. Ал қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар өз табысының 2 пайызын, бірақ 12 мың теңгеден аспайтын мөлшерде төлейтін болады. Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5 пайызын төлейді. Бір адам үшін жарна мөлшері — 3 614,2 теңгені құрайды.
МӘМС — бұл ерікті медициналық сақтандыру емес, міндетті екенін айта кеткен жөн. Сондықтан «МӘМС туралы» заңның талаптарына сәйкес барлық азаматтар жүйеге жарналар төлеуге міндетті. Мемлекет азаматтардың 15 жеңілдікті санаттары үшін жарналар жүргізуге міндеттеме алады. Олардың қатарында — 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» белгілерімен марапатталған көп балалы аналар, күндізгі оқу бөлімінің студенттері, жұмыс істемейтін азаматтар мен оралмандар, бас бостандығынан айыру орындарындағы қамаудағылар бар.
Егер жеңілдікті санаттағы азаматтарда сақтандыру мәртебесі анықталмаса, олар Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, жеңілдікті санаттар тізіміне енгізу үшін барлық қажетті құжаттарды ұсынуы тиіс. Жұмыссыздарға Жұмыспен қамту орталығында ресми түрде тіркелу қажет. Белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдар құжаттарын қалпына келтіріп, жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет.
Осы ретте азаматтар бір нәрсені білуі керек: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жинақтаушы қор емес. Түсінікті болу үшін айта кетейік, барлық адамнан түскен қаражат ортақ «қазанға» түсіп, барлығы үшін жұмсалады. Мәселен, елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналардан азаматтардың 15 санаты босатылды. Яғни халықтың әлсіз тобы да осы ортақ «қазанға» түскен қаражат есебінен қаралады. Адам алдымен емханаға барғанда өзінің мәртебесін анықтау керек. Оны ЖСН арқылы анықтайды. Сол уақытта сізде 12 айғы міндетті әлеуметтік медициналық төлем міндетті түрде болуы керек. Немесе соңғы 3 ай көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төленген болуға тиіс.
Науқастар үшін тиімділігі қандай дегенге келсек, осыған дейін Үкімет бекіткен тегін медициналық қызмет көрсетудің тізбесі бойынша тұрғындарға ем-дом жасалып келсе, МӘМС жүйесі сол тізбені толықтыра түседі. Яғни, қызмет көрсету сапасы артады. Науқастардың дертін анықтау мен толықтай емдеуге қажетті шығынды жабу ендігі жерде МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асады. Бұл дегеніміз бір жағынан емделушінің қалта шығынын азайтады, ем-дом жасайтын сауықтыру орталықтарының жұмыс сапасын жақсартып, бәсекелестігін арттырады.

ҚР ДСӘДМ сарапшылары медициналық қызметкерлер арасында медициналық сақтандыруды енгізу мәселелерін түсіндіру жұмыстарын бастады

Бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінде республиканың медициналық қызметкерлері арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (әрі қарай – МӘМС) жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндіру бойынша кең көлемді акция басталды. Құрамында денсаулық сақтау жүйесінің алдыңғы қатарлы мамандары мен ҚР ДСӘДМ медициналық қызметке ақы төлеу комитеті аймақтық департаменттерінің басшылары бар арнаулы мобильдік топтар кездесулер мен семинарлар өткізіп, МӘМС-ті енгізуге байланысты барлық сұрақтарға жауап беретін болады.

Орта медициналық қызметкерлерге Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басқарма басшысы Абай Байгенжин, А.Н. Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Болат Баймаханов, Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры Жұмағали Исмаилов, С. Асфендияров атындағы ҚазМҰУ әкімшілік департаментінің директоры Василий Девятко, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Тілеухан Әбілдаев, «СК Фармация» ЖШС басқарушы директоры Серікбол Мусинов, Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұржан Отарбаев, «Республикалық Медициналық палата» қоғамдық бірлестігінің басқарма басшысы Мақсұт Құлжанов, ҚР денсаулық сақтау саласының қызметкерлері кәсіподағының басшысы Мереке Бутина, «Астана медициналық университеті» АҚ ректоры Мәжит Шайдаров және т.б. МӘМС жүйесінің ұтымды тұстарын толыққанды түсіндіретін болады.

Медициналық қызметкерлермен кездесу – ҚР ДСӘДМ-нің биыл өткізетін кең көлемді ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының алғашқы кезеңі болмақ. Әрі қарай МӘМС жүйесінің қағидалары, медициналық сақтандыруды енгізу кезеңдері мен оның ұтымды жақтары туралы тұрғындар мен жұмыс берушілерге түсіндіретін болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен (әрі қарай – ТМККК) әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.

Азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.

МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісім шарт негізіне жүзеге асырылады.

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (әрі қарай – ӘМСҚ) жарна төлеуді бастайды.

Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7% құрайды. Сонымен қатар мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылдан 6%-ға, 2024 жылдан 7%-ға сатылай өсетін болады.

Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі кірістің 5%-ын құрайтын болады. Аударым 2017 жылы 2%-ды, 2018 жылы 3%-ды, 2019 жылы 4%-ды, 2020 жылы 5%-ды құрайтын болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7% құрайтын болады. Ол 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5%, 2020 жылдан бастап 7% болады.

Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1%, 2020 жылдан 2%-дық мөлшерде төлейтін болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры (әрі қарай – ӘМСҚ) жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері.

Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына:

– балалар;

– «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар;

– ҰОС ардагерлері мен мүгедектері;

– мүгедектер;

– жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;

– интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар;

– техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО кейін білім алып жатқан тұлғалар;

– бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар;

– жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар;

– зейнеткерлер;

– ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер;

– уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар жатады.

Айта кету керек, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі ӘМСҚ-ға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақытылы әрі үнемі төленіп тұруы тиіс.

Қазақстанда қолданыстағы тәжірибеге сай ӘМСҚ-ға түсетін жарналарды бақылау ісін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктеу ұсынылады.

Сарапшылардың болжамы бойынша МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсетіні, сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. МӘМС адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді.